Штангада 140 келі!

15.09.2026

2026 жылдың 11-13 қыркүйегі аралығында Астана қаласында пауэрлифтингтен Әлем чемпионаты өтті. 600-ге жуық спортшы қатысқан дүбірлі додада «Богатырь Көмір» ЖШС Энергиямен жабдықтау дирекциясының жетекші инженері Рамазан Ситдиков ел намысын қорғады. Жас маман 20-23 жас аралығындағы спортшылар арасында жүлдеге таласты.

Салмағы 90 келі болатын Рамазан «жабдықсыз жатып штанга көтеру» бағдарламасында 140 келі салмақты бағындырып, күміс жүлдеге ие болды.

«Бұл жолғы жарысқа өзім еңбек ететін «Богатырь Көмір» ЖШС қаржылай қолдау көрсетіп, іссапар шығындары мен жатын орын ақысын төледі. Бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Сондықтан өз кәсіпорныма алғысым шексіз», – деді күміс жүлдегер.

Сонымен бірге әріптесіміз өзін жарысқа баптаған бапкері Нұрлан Еркалинге шынайы ризашылығын білдіреді. Еске сала кетейік, бұған дейін Азия чемпионатында топ жарған Рамазан Ситдиков «Богатырь Көмір» ЖШС-нің туын халықаралық додада тағы да биікке көтерді.

Жаңалықтар тізіміне оралу